Израиль БАҚ-тарының мәліметінше, Израиль Оңтүстік Ливанды ұзақ мерзімге оккупциялауды көздейтін жоспар ұсынуға дайындалуда. Израильдің 14-арнасының ақпаратына сәйкес, бұл ұсыныс сейсенбі күні Вашингтонда өтетін Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөз барысында талқыланбақ.
Жоспарды Беньямин Нетаньяхудың кеңесшісі, бұрынғы Стратегиялық істер министрі Рон Дермер дайындаған.
Мәліметке қарағанда, жоспар Оңтүстік Ливанды үш аймаққа бөлуді қарастырады.
Бірінші аймақ Израиль шекарасынан сары сызыққа дейін созылады. Бұл аймақ Ливаннан шамамен 7–8 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы аймақта Израиль күштері қарқынды әскери операция жүргізіп, Хезболла толық жойылғанға дейін қалмақ.
Екінші аймақ сары сызықтан Литани өзеніне дейінгі аумақты қамтиды. Бұл жерде де Израиль күштері орналастырылып, уақыт өте бақылау Ливан армиясына беріледі.
Ал Литани өзенінің солтүстігінде қарусыздандыру жауапкершілігі толықтай Бейрутқа жүктеледі.
14-арнаның хабарлауынша, израильдік шенеуніктер Литани өзенінің солтүстігінде толық қарусыздандырудың жақын арада жүзеге асуы екіталай екенін, алайда оның орнына Бейрут оңтүстікте қауіпсіздік белдеуін қабылдауы мүмкін екенін жеткізген.
Ұсыныс Хезболла қарусыздандырылғаннан кейін күшіне енетін түпкілікті бейбіт келісім мүмкіндігін де қамтиды.
Израиль мен Ливан өкілдері сейсенбі күні АҚШ-тың араағайындығымен кездесуі мүмкін. Израильдің «KAN» медиасының мәліметінше, делегацияны елші Йехиэль Лейтер мен Рон Дермер басқарады.
Ливан президентінің кеңсесі жұма күні бұл кездесуді жариялағанымен, кейін Хезболла бұл қадамды айыптады.
Хезболла сейсенбі күні Вашингтонда өтетін кездесу алдында Ливан үкіметін Израильмен тікелей келіссөздерді тоқтатуға шақырды.
Ұйымның бас хатшысы Наим Касем дүйсенбі күні теледидарда: «Біз басқыншы Израильмен пайдасыз келіссөздерді қаламаймыз. Берілмейміз, соңғы сөз майдан даласында белгілі болады», – деді.










