Австралия басып алынған Батыс Шериядағы заңсыз қоныстарды кеңейтуге және израильдік қоныстанушылардың зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты Израильдің үш азаматы мен төрт ұйымына санкция салды. Канберра бұл әрекеттердің екі мемлекет құру арқылы мәселені шешу мүмкіндігін жоққа шығаратынын мәлімдеді.
Австралияның сәрсенбі күні қабылдаған шешімі Ұлыбританияның сейсенбі күні басып алынған Батыс Шерияда заңсыз қоныс салуға қатысқан Израильдің сегіз құрылыс компаниясына санкция салуынан кейін жарияланды.
Австралия Сыртқы істер министрі Пенни Вонг: «Санкция салынған тұлғалар мен ұйымдар қаржы жинау, еріктілерді тарту және зорлық-зомбылық жасаушы қоныстанушыларға қолдау көрсету арқылы жаңа қоныстарды жоспарлау, үйлестіру және салу жұмыстарына белсенді қатысты», – деді.
Санкция салынғандардың арасында заңсыз қоныстанушылардың «Nachala» ұйымының жетекшісі Даниэлла Вайс та бар.
Санкция салынған тағы бір тұлға Элиав Либи өзінің құрылыс компаниясы арқылы Батыс Шериядағы заңсыз қоныстарды кеңейту жұмыстарын жеделдеткен.
Аталған санкциялар Австралия азаматтары мен компанияларына санкция салынған тұлғалармен және ұйымдармен сауда жасауға немесе оларға қолдау көрсетуге тыйым салады.
Вонг соңғы апталарда заңсыз «E1» қоныстандыру жобасы аясында болған зорлық-зомбылық әрекеттері екі мемлекет құру арқылы қақтығысты реттеу мүмкіндігін әлсіреткенін айтты.
«E1» жобасы Израиль басып алған Батыс Шерияны екіге бөліп, аймақты Шығыс Иерусалимнен ажыратады. Осылайша аумақтар бөлшектенеді.
Басып алынған Батыс Шериядағы Израильдің зорлық-зомбылық әрекеттері
Осы апта Батыс Шерияның Иерихон қаласында 72 жастағы палестиналық әйелді израильдік заңсыз қоныстанушылар атып өлтірді. Оқиға туралы куәгерлер мен Палестина билігінің өкілдері хабарлады.
БҰҰ мекемелері мен әлем елдерінің басым көпшілігі бұл қоныстарды заңсыз деп таниды.
Вонг Австралияның соңғы санкцияларын Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саармен талқылағанын айтты.
Вонг сәрсенбі күні «ABC Radio» радиосына берген сұхбатында: «Мен оған ұстанымымызды ашық жеткіздім. Біз қоныстандыру саясатын қабылдамаймыз және оған қарсымыз. Бұл – біздің ұзақ жылдар бойы ұстанып келе жатқан ұстанымымыз», – деді.
Австралия өткен жылы Палестина мемлекетін белгілі бір шарттармен танитынын мәлімдегеннен бері Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасы нашарлады.
2023 жылдың қазан айынан бері Израиль күштері мен заңсыз қоныстанушылар басып алынған Батыс Шерияда 1220-дан астам палестиналықты өлтіріп, 13 мың 746-ға жуық адамды жаралады.
Палестиналық дереккөздердің мәліметінше, Израиль осы кезеңде 26 мыңнан астам палестиналықты қамауға алған.






















