Өңірлік билік өкілдері Ресейдің Украинаның бірнеше ірі қаласына жасаған шабуылдары нәтижесінде алдын ала мәлімет бойынша тоғыз адамның қаза тапқанын хабарлады.
Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко “Telegram” желісінде:
«Киевте зардап шеккендердің саны 23 адамға жетті, олардың арасында бір бала бар. Өкінішке қарай, қаза тапқандар саны төртке шықты», – деп жазды.
Бұған дейін Ішкі істер министрі Игорь Клименко Украинаның солтүстік-шығысындағы Харьков қаласында:
«Өртті сөндіру жұмыстары кезінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметтің бес құтқарушысы қаза тапты», – деп хабарлаған болатын.
Киевтегі собор өртенді
Киев қаласының мэрі Виталий Кличко дүйсенбі күні Ресей шабуылдарынан кейін Киево-Печерская Лаврадағы әйгілі православие кешеніне кіретін Қасиетті Богородицаның Успение соборында өрт шыққанын хабарлады.
Кличко “Telegram” желісіндегі жазбасында:
«Киево-Печерская Лавра аумағында өрт шықты. Қасиетті Богородицаның Успение соборының шатыры жанып жатыр», – деп жазды.
Осы кезеңде Киевті қоса алғанда Украинаның көптеген ірі қалаcы шабуылға ұшырады.
Ал Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасаған шабуылдары Мәскеуден шамамен 200 шақырым оңтүстікте орналасқан Тула қаласында үш адамның қаза табуына және тағы үш адамның жарақат алуына себеп болды.
Өңір губернаторы дүйсенбі күні:
«Бүгін түнде Тула қалалық округіндегі тұрғын аудан ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшырады. Өкінішке қарай, алдын ала мәлімет бойынша үш адам қаза тапты. Тағы үш адам, оның ішінде бір жасар бала жарақат алды», – деп мәлімдеді.























