Непалдың Қытайдың Тибет аймағымен шекарасында 26 тамызда басталып, ел тарихындағы ең жойқын табиғи апаттардың біріне айналған су тасқынынан кейін жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары ресми түрде аяқталды.
Дүйсенбі күні билік өкілдері жасаған мәлімдемеге сәйкес, апат салдарынан кемінде 1 455 адамның қаза тапқаны расталды, ал 5 285 адам әлі із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бірнеше аптаға созылған күрделі операциялар барысында 13 795 адам аман-есен құтқарылды.
Ұлттық төтенше жағдайлар жөніндегі операциялар орталығының басшысы Фаниндра Паудел халықаралық ақпарат агенттіктеріне берген мәлімдемесінде іздестіру-құтқару кезеңінің аяқталып, енді іздеу және қалпына келтіру кезеңіне көшкендерін айтты. Паудел із-түзсіз жоғалғандардың туыстары сақтандыру, банк және басқа да әкімшілік рәсімдерді аяқтай алуы үшін құқықтық процесс басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғалған адамдарды ресми түрде қайтыс болды деп жариялау мәселесі қарастырылып, қажетті заңдық рәсімдер қолға алынған.

Ұлттық апат қаупін азайту және басқару агенттігінің басшысы Дхарам Радж Упрети бұдан былай қаза тапқандардың денелері белсенді түрде ізделмейтінін айтты. Алайда қайта құру және қалпына келтіру жұмыстары кезінде табылған кез келген мәйіт қалдықтары, жеке заттар немесе құнды дүниелер сақталатын болады.
Упрети шұғыл қажеттілік туындаған немесе тиісті хабар түскен жағдайда құтқару шаралары қайта жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Алапат су тасқыны Непалдың инфрақұрылымына да орасан зор зиян келтірді. Тасқын салдарынан 12 су электр станциясының жобасы, сондай-ақ көптеген жол, көпір, ауыл шаруашылығы алқабы мен елді мекен жарамсыз күйге түсті.
Билік апат салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болған мыңдаған адамның қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау және бүлінген инфрақұрылымды жедел қалпына келтіру үшін ауқымды бағдарлама әзірледі. Ресми мәлімет бойынша, бұл жұмыстарды толық жүзеге асыруға шамамен 5 миллиард доллар қажет.




















