Бүгінде жасанды интеллект технологиялары қоғамда кеңінен талқыланып жатқан негізгі тақырыптардың біріне айналды.
Жасанды интеллект адамзатты бақылауына ала ма немесе өркениетке қауіп төндіре ме? Әзірге бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Дегенмен бұл технологиялардың қарқынды дамып, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқаны анық.
Осы тұрғыда АҚШ-та талқыланып жатқан мәселелердің бірі — жасанды интеллекттің адамдарға белгілі бір тапсырмалар беріп, әр орындалған тапсырма үшін ақы төлеуі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс болашақта жаңа мүмкіндіктермен қатар белгілі бір қауіптерге де жол ашуы мүмкін.
Киберқауіпсіздік маманы Бурак Бозкуртлар жасанды интеллекттің адамдарға ақылы тапсырмалар беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
«Алдымен дүкендегі сөрені суретке түсіру секілді қарапайым тапсырмалардан басталады»
Бозкуртлардың айтуынша, бұл үдеріс бастапқыда қарапайым тапсырмалардан басталады. Технологиялық компаниялар адамның тұратын жері, күнделікті әдеттері мен жиі жүретін бағыттары туралы мәліметтерді жасанды интеллект жүйелеріне бере алады.
Мәселен жасанды интеллект сіз тұратын жердегі бір дүкеннің жеміс-жидек, көкөніс бөлімін суретке түсіру туралы тапсырма ұсына алады. Дүкенге барып, қажетті суретті түсіріп, оны жасанды интеллект қосымшасына жүктеген адам тапсырманы орындағаны үшін ақша алады.
Бозкуртлар: «Келісімді мақұлдаған кезде көрсеткен банк шотыңызға ақша аударылуы мүмкін. Тапсырмаларды орындаған сайын көбірек табыс табасыз, ал табысыңыз артқан сайын жаңа тапсырмалар алуға ұмтыласыз», — дейді.
«Бұл қауіпті үдеріске жол ашуы мүмкін»
Алайда Бурак Бозкуртлар кейін мұндай тапсырмалардың сипаты өзгеріп, қауіп тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Мәселен белгілі бір жерді тұрақты түрде суретке түсіру, мемлекеттік мекеменің кіреберісін видеоға түсіру немесе нақты бір көлік пен адамның суретін жүйеге жүктеу секілді тапсырмалар берілуі ықтимал.
Бозкуртлар: «Бүгін дүкендегі жеміс-жидек, көкөніс бөлімін суретке түсіруді сұраған жүйе ертең өзі үшін маңызды, ал сіз үшін қарапайым болып көрінетін нысанды суретке түсіруді талап етуі мүмкін. Адамдар мұны пайдалы іс деп ойлап, әрі ақша табу үшін тапсырмаларды орындауды жалғастыра беруі ықтимал. Алайда түптеп келгенде мұндай өзгерістер қауіпті үдеріске жол ашуы мүмкін», — деді.




























