Президент Владимир Зеленский Мәскеудің «ауқымды шабуылға» дайындалып жатқаны туралы ескерткеннен кейін көп ұзамай, бейсенбі күні таңертең Ресей зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы Украина астанасы Киевке шабуыл жасады. Соның салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.
Ресей Қорғаныс министрлігі Киевке «ауқымды соққы» жасағанын мәлімдеп, бұл әрекетті «Киев режимінің азаматтық инфрақұрылымға қарсы террорлық шабуылдарына жауап ретінде жасалған соққы» деп сипаттады.
Шабуыл Украина Әуе күштері баллистикалық зымырандардың астанаға қарай бағыт алғаны туралы ескерту жасағаннан кейін болды. Ал Зеленский сәрсенбі күні Ресейдің алдағы шабуылы жөніндегі барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Дублинге жасаған сапарын мерзімінен бұрын аяқтады.
“AFP” агенттігінің Киевтің орталық және шығыс бөліктеріндегі тілшілері оннан астам жарылыс дыбысын естігенін хабарлады. Сондай-ақ олар балаларын және үй жануарларын ерткен тұрғындардың метро станцияларына паналауға асыққанына куә болғанын жеткізді.
Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі шабуылдардан тоғыз адамның қаза тауып, 34 адамның жараланғанын растады.
Киев қаласының әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко Ресейді бейбіт тұрғындар мен тұрғын үй аудандарын әдейі нысанаға алды деп айыптады.

Зеленский жаңа шабуылдар болуы мүмкін екенін ескертті
Зеленский сәрсенбі күні Ресейдің ауқымды шабуылға дайындалып жатқаны туралы барлау мәліметтеріне байланысты Дублиннен мерзімінен бұрын оралғанын айтып,
«Азаматтарымызға ерекше сақ болуға, өздерін, балаларын және, әрине, отбасыларын қорғауға, паналау орындарын пайдалануға және Украинадағы әуе дабылы туралы ескертулерге мұқият назар аударуға кеңес беремін», – деді.
Сондай-ақ Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің бұл шабуылды біраз уақыттан бері жоспарлап келгенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Украина да соңғы апталарда Ресей аумағындағы энергетикалық инфрақұрылым мен әскери нысандарға бағытталған алыс қашықтықтағы ҰҰА шабуылдарын күшейтті.
Ресей билігі шекаралас өңірлерге қайталанып жатқан шабуылдар туралы хабарлап отыр. Мәскеу әуе қорғаныс күштері соңғы күндері Украинаға тиесілі жүздеген ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын мәлімдейді.
АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сәрсенбі күні жариялаған зерттеуіне сәйкес, Ресейдің Украинадағы әскери операциясы екі миллионнан астам әскери шығынға әкелген. Зерттеуде бұл шығындардың басым бөлігі Ресей күштеріне тиесілі екені айтылған.
АҚШ жетекшілік етіп отырған соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық күш-жігер әзірге нәтиже берген жоқ.
Зеленский сәрсенбі күні “X” әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында: «Ресей басшысы соғысты аяқтаудан мүлде бас тартып отыр», – деп жазды.
Ол Украинаның түрлі ресми және бейресми арна арқылы келіссөз жүргізуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдегеніне қарамастан, Мәскеу шабуылдарын жалғастырып отырғанын атап өтті.





















