Владимир Зеленский Киевтің бейбіт келіссөздер аясында Түркияда үш ел басшысының саммитін өткізуге толық қолдау білдіретінін айтты. Ол президент Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуден кейін бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеді.
Нью-Йоркте өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы аясындағы кездесулерден кейін Түрік үйінен шығып бара жатып журналистерге мәлімдеме жасаған Зеленский Украина мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың берік екенін атап өтті.
Президент Ердоғанмен кездесуін нәтижелі деп бағалаған Зеленский Түркия президентінің мемлекет басшылары деңгейіндегі үшжақты кездесуді өткізуге дайын екенін растағанын жеткізді.
«Егер президент Ердоған мұндай кездесуді ұйымдастыра алса, Түркияда өткізу идеясын қолдайтынымызды айттым. Мұндай саммитке келуге дайынбыз», – деді Зеленский.
Теңіз қауіпсіздігі
Украина басшысы Ердоғанмен кездесу барысында Қаратеңіздегі теңіз қауіпсіздігі, теңізде ықтимал атысты тоқтату немесе қақтығыстарға жол бермеу тәртібінің шарттары, сондай-ақ халықаралық азық-түлік қауіпсіздігі дәліздері талқыланғанын айтты.
Зеленский: «Түркия – Қаратеңізде Украинаның өте маңызды әрі сенімді серіктесі», – деді.
Екі ел арасындағы еркін сауда келісіміне тоқталған Зеленский Киев пен Анкара өзара сауда көлемін 1 миллиард доллардан 10 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отырғанын жеткізді.
«Елдеріміз арасындағы сауда көлемін 1 миллиард доллардан 10 миллиард долларға дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық. Осы бағытта алға жылжып келеміз. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз», – деді Зеленский.






















