Тегеран АҚШ теңіз блокадасын тоқтатып, дипломатияға қайта оралған жағдайда Ормуз бұғазын 7 күн ішінде қайта ашуға дайын екенін Вашингтонға жеткізді деген ақпарат тарады.
Жапонияның “Kyodo” ақпарат агенттігіне сұқбат берген аты-жөні аталмаған Иран үкіметінің өкілі ұсыныстың делдалдар арқылы АҚШ-қа жеткізілгенін және екі ел арасында тұрақты атысты тоқтату режимін орнату мақсатында келіссөздерді қайта бастау ұсынылғанын айтты.
Иран өкілі АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран президенті Масуд Пезешкианмен Нью-Йоркте өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы аясында кездесуге ниет білдіргеніне тоқталып, Трамппен қандай да бір кездесу өткізу мүмкіндігі жоқ екенін, алайда екі ел арасында келісімге келу ықтималдығы бар екенін мәлімдеді.
«Келісімге қарай ілгерілеу мүмкіндігі бар», - деген өкіл дипломатиялық үдерістің алға жылжуы үшін Вашингтон «байыптылық пен табандылық» танытуы қажет екенін айтты.
Вашингтоннан келіссөздерге қайта оралып, Иранға қарсы теңіз блокадасын тоқтатуды күтетіндерін айтқан Иран өкілінің мәлімдемесіне сәйкес, бұл қадамдар жасалған жағдайда Иран стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын 7 күн ішінде қайта ашып, келіссөз үстеліне оралуға дайын.
Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бас хатшысы Мохсен Резаи 19 қыркүйектегі мәлімдемесінде Тегеранның соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретін келіссөздерді қайта бастау үшін Вашингтонға 7 шарт ұсынғанын айтқан еді.
Резаи: «Соғыстың аяқталуы үшін Иранның шарттарын қабылдау АҚШ-тың мүддесіне сай. Біз соғысқа толық дайынбыз», – деген болатын.






















