Ливанның “El Ahbar” газетінің журналисі Амаль Халиль Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі Әт-Тири қаласына жасаған әуе шабуылы салдарынан қаза тапты.
Халильдің мәйіті еркін фототілші Зейнеб Фаражбен бірге олар паналаған ғимарат қирандыларының астынан сәрсенбі күні шығарылды.
“El Ahbar” газетінде қызмет атқарған Халильден соңғы рет шамамен сағат 16:10-да отбасы мүшелері мен Ливан армиясына қоңырау шалған кезде хабар түскен еді.
Ливанның ақпарат министрі Пол Моркос пен елдің ресми “Ұлттық жаңалықтар агенттігі” де Халильдің қаза тапқанын растады.
Ливандағы “El Cedid” телеарнасының хабарлауынша, Халиль мен Фараж жақын маңдағы Бинт-Джубайл қаласына жасалған шабуылдарды бақылау үшін қызмет бабымен жүрген кезде Әт-Тиридегі жолда азаматтық көлікке жасалған Израиль шабуылынан бірнеше секунд өткен соң олар паналаған ғимарат тікелей нысанаға алынған.
Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің екі журналисті паналаған орынды нысанаға алып, оларды аңдығанын мәлімдеді.
Журналистерді әдейі нысанаға алу
Шабуылдардың жалғасуы мен келтірілген зақым салдарынан жедел жәрдем мен құтқару топтарының аймаққа уақытында жете алмағаны хабарланды.
“El Ahbar” тілшісі Халиль 2023 жылы қазанда басталған Израиль мен Хезболла арасындағы соғысты Ливанның оңтүстігіндегі көптеген нүктеден бақылап жүрген.
Журналистерді қорғау комитеті Халильдің мәйіті шығарылмай тұрып халықаралық қауымдастықты Израиль армиясына құтқару жұмыстарына рұқсат беру үшін қысым жасауға шақырған болатын.
Ливан премьер-министрі Нәууаф Салам журналист Амаль Халильдің өлтірілуін айыптап, оның нысанаға алынуын және құтқару топтарының оған жетуіне кедергі келтірілуін ашық соғыс қылмысы деп атады.
Салам “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында оңтүстікте қызмет етіп жүрген БАҚ өкілдерінің Израиль тарапынан нысанаға алынуын енді жекелеген оқиғалар ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.Салам мұндай әрекеттердің халықаралық құқық пен нормалар бойынша айыпталатынын мәлімдеді.












