ТҮРКИЯ
3 ... минут оқылды
Министр Фидан: «Израильдің басқыншылық саясаты тоқтатылмаса, дағдарыс бүкіл әлемге таралады»
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Израильдің бейбітшілік орнатуға ниетті емес екенін, барлық халықаралық алаңды өз ұстанымы мен заңсыз стратегияларын ілгерілету үшін пайдаланып отырғанын айтты.
Министр Фидан: «Израильдің басқыншылық саясаты тоқтатылмаса, дағдарыс бүкіл әлемге таралады»
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан

Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Иордания астанасы Амманда өткен Иерусалим мәселесіне арналған министрлер кездесуіне қатысты.

ҚатыстыTRT Қазақ - Сыртқы істер министрі Фидан Иерусалим мәселесіне арналған министрлер кездесуіне қатысады

Маңызды жиыннан кейін «TRT Arabic» арнасына сұхбат берген Фидан Израильдің бейбітшілік үдерісіне қасақана кедергі келтіріп отырғанын атап өтіп, «Израильдің басқыншылық саясатына қарсы дипломатиялық шаралар қабылданбаса, дағдарыс әлемге таралады», – деп ескертті.

Министр Фидан мәлімдемесінде былай деді: «Бүгін Амманда тарихи жиынға қатыстық. Күні бойы аса маңызды кездесулер өткізуге мүмкіндік болды. Өздеріңіз білетіндей, Парсы шығанағындағы соғыстың жалғасуы, Ормуз бұғазының жабылуынан туындаған өңірлік және жаһандық мәселелер әлем назарын аударғанымен, біз Палестина мәселесін, әл-Ақса мешітін, Газаны және Батыс Шерияны назардан тыс қалдырған жоқпыз.

Біз екі мәселеге де бірдей көңіл бөліп отырмыз. Өйткені бір мәселеге ғана назар аударып, екіншісін естен шығарсақ, Израильдің Газада, әл-Ақса мешітінде, Иерусалимде және Батыс Шерияда әрекеттерін күшейтетінін жақсы білеміз.

Бүгін Ислам әлемінің 20-ға жуық елі қатысқан кездесудің күн тәртібінде бір ғана мәселе болды. Ол – Израильдің соңғы уақытта әл-Ақса мешітіне қарсы заңсыз әрекеттерін талқылау және қандай ортақ шаралар қабылдауға болатынын анықтау.

Біз бұл мәселеге қатысты жан-жақты пікір алмастық. Ислам әлемінің жетекші елдері өздерінің алаңдаушылығы мен наразылығын білдіріп, қабылдануы қажет нақты дипломатиялық және өзге де шараларды талқылады».

«Қолдау білдірдік»

Иордания тарихи тұрғыдан Иерусалимдегі қасиетті орындардың қамқоршысы әрі бұл міндетті заңды негізде атқарып келеді.  Ал Түркия халқы да, президенті, үкіметі әл-Ақса мешітін қасиетті орындарымыздың бірі деп қабылдайды. Сондықтан оған жасалған кез келген заңбұзушылық халқымыздың құндылықтарына бағытталған әрекет ретінде бағаланады.

Осыған байланысты Түркияның стратегиялық және дипломатиялық қадамдары мен бастамалары аса маңызды. Біз бұл бағытта табанды күрес жүргізіп келеміз. Бүгін Иорданиямен бірге әл-Ақса мешіті мен Иерусалим мәселесіне ортақ қолдау білдірдік.

Сонымен қатар Сауд Арабиясы, Түркия, Мысыр және Пәкістаннан құралған «Төрттік топтың» министрлер деңгейіндегі бесінші отырысын өткіздік. Бұл маңызды кездесу болды. Онда Газадағы жағдайды егжей-тегжейлі талқыладық. Өйткені төрт ел де бейбітшілік жоспарын жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Мысыр мен Түркия бұған қоса араағайындық міндетін де атқарып отыр.

Біз бейбітшілік жоспарын іске асыру барысында Израильдің ұстанымы, заңсыз әрекеттері мен ешбір қағидаға бағынбауына қарсы шараларды жан-жақты талқыладық. Осы мәселе бойынша бірқатар шешім қабылдадық. Оларды елдеріміздің басшыларына жеткіземіз. Алдағы күндері осы мәселе бойынша нақты қадам басамыз.

«Біздің ұстанымымыз айқын»

Сонымен қатар өңірде жалғасып жатқан шиеленісті, Ормуз бұғазына байланысты туындаған мәселелерді және ауқымы кеңеюі мүмкін соғыс қаупін қалай шешу қажеттігі жөнінде құнды пікірлер айтылды.

Бұл мәселедегі біздің ұстанымымыз айқын. Президентіміздің әу бастан өңірдің болашағы мен бейбітшілігіне қатысты көзқарасы белгілі. Біз осы тақырыпты егжей-тегжейлі талқыладық.

Бұдан кейін төрт ел бірлесіп әзірлеп жатқан өңірлік көзқарас құжатына қатысты пікір алмастық. Бұл құжат бүкіл өңірдегі мәселелерді түбегейлі шешуге арналған ортақ негізді айқындайтын алғашқы қадам болмақ.

Мұндай бастама өңірде әлдеқашан қолға алынуға тиіс еді. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешіп, өңірде тұрақтылық, қауіпсіздік пен бейбітшілікті кезең-кезеңімен орнықтырамыз деп сенеміз.

«Израиль түрлі сылтаумен палестиналық балаларды өлтіріп жатыр»

АҚШ ұсынған Трамптың бейбітшілік жоспарына бірқатар ел мен халықаралық қауымдастық қолдау білдірді.  Мысыр, Түркия, Катар және АҚШ араағайын болды. Бұл бағытта ұзақ уақыт бойы ауқымды жұмыс жүргізілді. Әріптестеріміз күндіз-түні еңбек етіп жатыр.

Алайда әрбір келісімге қол жеткізілген сайын Израильдің басқа бір мәселені сылтау етіп, палестиналық балаларды өлтіруді, ауруханаларды бомбалауды жалғастыруда. Бұл оның бейбітшілікке ниеті жоқ екенін анық көрсетеді. Халықаралық қауымдастық мұны назардан тыс қалдырмай, нақты шара қабылдауы тиіс.

Іздеу
Ресей Киевке ауқымды шабуыл жасады
Ресей Киев облысында 14 адамды өлтірді
Түркия Ұлттық барлау ұйымының басшысы Анкарада Ливия өкілдерімен кездесті
"Wildberries" 2027 жылы Қазақстанда 260 мың шаршы метрлік жаңа қойма алаңын ашуды жоспарлап отыр
Сыртқы істер министрі Фидан Иерусалим мәселесіне арналған министрлер кездесуіне қатысады
Иран президенті: «Территория тұтастығымызды қорғаймыз, бірақ соғысты кеңейтуге ниетті емеспіз»
Жоғары әскери кеңес жиналады
Президент Ердоған Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен телефон арқылы сөйлесті
Түрік барлау қызметінің басшысы  ХАМАС көшбасшысымен кездесті
Түркия, Мысыр және Катар Израильдің Газадағы әрекеттерін қатаң айыптады
Украина дрондары түні бойы Ресейге шабуылдады
Нетаньяху атысты тоқтатудан бас тартты
Министр Фидан шетелдік әріптестерімен телефон арқылы сөйлесті
Түрік әуе жолдары рекорд жаңартты
Түркияда қорғаныс және авиация саласының экспорты 1,12 млрд долларға жетті