Президент Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен Президенттік кешенде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Шамамен екі сағатқа созылған жиыннан кейін жарияланған мәлімдемеде терроризммен күрес, өңірлік оқиғалар мен сыртқы саясат мәселелері талқыланды.
Мәлімдемеде Түркияның ұлттық бірлігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін PKK/KCK-PYD/YPG, FETÖ және ДАИШ ұйымдарына қарсы ел ішінде және шетелде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың қаралғаны көрсетілді. Сондай-ақ «Террорсыз Түркия» және «Террорсыз өңір» мақсаттары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударылып, терроризмнің ел мен өңірге түсіретін ауыртпалығын жоюға деген берік ұстаным расталғаны атап өтілді.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы жүргізіліп жатқан операциялар да күн тәртібінде қаралып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған батыл қадамдардың жалғасатыны айтылды. Сонымен қатар Түркияның кепілгер мемлекет ретінде Кипр түріктерінің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қорғауға табанды екені атап өтіліп, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін әрі Жерорта теңізінің шығысындағы бейбітшілікке қауіп төндіретін бастамаларға жол берілмейтіні мәлімделді.
Мәлімдемеде Иран мен АҚШ арасында қол жеткізілген келісім құпталып, оның үздіксіз жалғасуының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Түркияның өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуды жалғастыратыны, Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған оң өзгерістер қолдау тауып, елдің бірлігі мен аумақтық тұтастығына көрсетілетін қолдаудың жалғасатыны жеткізілді.
Израильдің Газа секторында, Батыс Шерияда, Шығыс Иерусалимде және Ливандағы әрекеттері өңірлік бейбітшілікке бағытталған күш-жігерге нұқсан келтіріп отырғаны айтылып, халықаралық қауымдастықты нақты ұстаным танытуға шақырды.
Сондай-ақ Иракпен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа үкімет кезеңінде де жалғасатыны атап өтілді. Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты тараптарға әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жөнінде үндеу тасталды.
Африка мен Оңтүстік Кавказдағы ахуал да талқыланып, Түркияның бейбітшілікке, тұрақтылыққа және ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетуді жалғастыратыны мәлімделді.



















