Израиль әскері 17 мамырдан бастап тағы 45 күнге ұзартылған атысты тоқтату режиміне және АҚШ–Иран келісіміне қарамастан Ливанның оңтүстігіне бағытталған шабуылдарын жалғастырды.
Ливанның ресми “NNA” агенттігінің хабарлауынша, Израильдің әскери ұшақтары түннен бері Набатия қаласы мен Кеферджуз, Кефертебнит, Жоғарғы Набатия, Харуф, Шаркия, Дуэйр, Кусейбе, Кеферджал, Адшит, Тул және Джебшит елді мекендеріне соққы жасаған.
Израиль артиллериясы да Набатия қаласы, Кеферджуз ауданы, Кеферрумман, Зибдин, Жоғарғы Набатия, Хаббуш, Седжид, Жабал ар-Рафи, Кеферсир, Кусейбе және Джебшит маңына қарқынды оқ жаудырды.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде түннен бері жалғасқан Израиль шабуылдары нәтижесінде алдын ала есеп бойынша 18 адамның қаза тауып, 33 адамның жараланғаны айтылды.
Ливандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында әйелдер мен балалар да бар.
Израиль армиясы өз мәлімдемесінде түннен бері жүргізілген әуе шабуылдары барысында «Хезболланың» инфрақұрылымы мен мүшелері нысанаға алынғанын алға тартты.
АҚШ пен Иран арасындағы келісім
Иран мен АҚШ Пәкістанның арағайындығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 14 маусымда соғысты тоқтату және тараптар арасындағы мәселелерді келіссөз арқылы шешуді көздейтін 14 тармақтан тұратын келісімге қол жеткізгендерін жариялаған болатын.
Келісімде Ливанды қоса алғанда қақтығыстарды тоқтату, Ормуз бұғазын ашу, сондай-ақ АҚШ-тың Иранға қарсы енгізген теңіз блокадасын алып тастау сияқты тармақтар қамтылған.















