Түркия президенті аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, президент Режеп Тайып Ердоған мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты қатынастар және өңірлік мәселелерді талқылаған.
Президент Ердоған Анкара мен Ереван арасындағы қалыпқа келтіру үдерісі екі ел арасында тікелей сауданы іске қосуға бағытталған қадамдар арқылы жалғасып жатқанын білдірді.
Әңгіме барысында Пашинян президент Ердоғанды жуырда тойланған Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Ердоған Түркияның өз өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқанын айтып, осы бағыттағы шараларды Түркия әрдайым қолдайтынын ерекше атап өтті.
Қалыпқа келтіру үдерісі аясында басылған қадамдар
Армян күштері Қарабақ пен оған іргелес Әзербайжан аумақтарын басып алғаннан кейін Түркия өз шекарасын жауып, қарым-қатынастарды тоқтатқан болатын. Соның салдарынан Түркия мен Армения арасында 1993 жылдан бері дипломатиялық және сауда байланыстары үзілген еді.
2020 жылғы Қарабақ соғысынан кейін байланыс қайта жандандырылып, 2022 жылы ресми түрде жалғасқан қалыпқа келтіру үдерісі аясында бірқатар сенім шарасы жүзеге асырылды. Олардың қатарында Стамбул мен Ереван арасында “Turkish Airlines” әуе компаниясының тікелей рейстерін іске қосу, дипломатиялық паспорт иелері үшін визалық жеңілдіктер туралы келісім және тікелей саудаға қажетті бюрократиялық дайындықтарды аяқтау бар.

Түркияның Ыгдыр уалаяты мен Арменияның Армавир облысын байланыстыратын Алыжан–Маргара шекара өткізу бекетіндегі құрылыс жұмыстары қазіргі уақытта шамамен 90 пайызға аяқталған.
Сонымен қатар екі тарап ортақ шекара бойында орналасқан тарихи Ани көпірін қалпына келтіру жөнінде келісімге келді. Дипломаттар бұл қадамды символдық әрі нақты ілгерілеудің көрінісі ретінде қарастыруда.






















