Дональд Трамп әкімшілігінен аты-жөнін атамауды өтінген бір лауазымды тұлға Анадолы агенттігінің (AA) тілшісіне жасаған мәлімдемесінде «әкімшіліктің Конгреспен әрдайым барынша ашық қарым-қатынаста болғанын» атап өтіп, «Конгреспен тұрақты байланыстан бөлек, (АҚШ-тың Түркиядағы) Елшісі Баррак, Соғыс министрлігінің өкілдері және Мемлекеттік департамент лауазымдылары да бұл мәселе бойынша Конгреске жеке ақпарат берді», — деді.
“The Wall Street Journal” (WSJ) газеті АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің түріктің әскер ұшағы “KAAN” үшін АҚШ-тан сұралған реактивті қозғалтқыштарды сату мәселесінде Конгресс шешімін айналып өтуді жоспарлап отырғанын және бұл сауданы жүзеге асыру ниетін Конгреске білдіргенін жазған еді.
Газеттің хабарлауынша, Трамп әкімшілігінің бір лауазымды тұлғасы бұл қадамды президент Режеп Тайып Ердоған мен АҚШ президенті Трамп арасындағы «тығыз қарым-қатынастың» көрсеткіші деп бағалаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп кеше «Түркияға реактивті қозғалтқыш және F-35 сату мәселесінде Анкараға жақсы жаңалықтармен барасыз ба?» деген сұраққа: «Меніңше, солай істеймін. Түркия — НАТО мүшесі. Кейбіреулер Түркияны олай көрмейді, бірақ іс жүзінде солай. Ол — НАТО-ның қуатты мүшесі. Иә, мүмкін оны (президент Ердоғанды) қатты қуантатын бір нәрсе жасаймын», — деп жауап берген болатын.
АҚШ Өкілдер палатасының Демократ мүшесі Грегори Микс те Конгрестің интернет парақшасында жарияланған мәлімдемесінде «Кеше түнде әкімшілік маған түрік армиясына 700 миллион доллардан астам қорғаныс құралдарын жеткізуде Конгресс тексеруін тағы бір мәрте айналып өтетінін хабарлады», — деген сөздерді қолданды.





















