Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі басқармасының есебіне сәйкес, Судандағы қақтығыс барысында жыныстық зорлық-зомбылық жүйелі түрде соғыс қаруы ретінде қолданылған. Ал расталған жүздеген оқиға бұл заңсыз әрекеттердің тек бір бөлігін ғана көрсетеді.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы сейсенбі күні жариялаған баяндамада 2023 жылдың сәуірінде қақтығыс басталғаннан 2026 жылдың сәуірінің ортасына дейін Суданның 18 аймағының 16-сында 546 жыныстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелгені айтылды. Соның салдарынан кемінде 838 адам зардап шеккен, олардың қатарында 539 әйел, 284 қыз бала, сегіз ер адам және жеті ұл бала бар.
Баяндамада жыныстық зорлық-зомбылықтың қақтығыспен бірге артқаны және босқындардың көшу бағыттарымен қатар жүргені, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды қорқытып, психологиялық тұрғыдан күйрету құралы ретінде пайдаланылғаны атап өтілді.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк: «Қаңтар айында Суданға жасаған сапарымның қорытындысында ескерткендей, жыныстық зорлық-зомбылық соғыс қаруы ретінде қолданылуда. Бұл – соғыс қылмысы, ал егер ол кең ауқымды немесе жүйелі шабуылдың бір бөлігі ретінде жасалса, адамзатқа қарсы қылмыс болып саналады», – деді.
Расталған оқиғалардың басым бөлігі Жедел қолдау күштері әскери құрылымының формасын киген адамдарға, онымен байланысы бар топтарға және араб жасақтарына қатысты болған.
Баяндамада зорлау, топтық зорлау, жыныстық құлдық, мәжбүрлі неке және жыныстық азаптау фактілері құжатталған. Кемінде 85 әйел мен қыз бала жыныстық құлдықта ұсталған, ал кемінде 59 адам зорлау салдарынан жүкті болған немесе босанған.
Көпшілігі қатыгез топтық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалардан құралған кемінде 13 құрбанның қаза тапқаны тіркелген. Ең жас жәбірленуші небәрі тоғыз жаста болған.
Жоғары комиссар кінәлілердің жазасыз қалуы жаңа құқық бұзушылықтарға жол ашып отырғанын ескертіп, тәуелсіз тергеу жүргізуге және бұйрық берген тұлғаларды қоса алғанда барлық кінәліні жауапқа тартуға шақырды.


















