Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Түркияның таза энергияға көшуі және климаттың өзгеруімен күрес аясында үш негізгі бағытқа басымдық беріп отырғанын айтты. Олар – энергиямен қамтамасыз етудегі қауіпсіздік, энергетикалық тәуелсіздік және 2050 жылдардың басына қарай бейтарап көміртегі экономикаcын құру мақсаты.
Байрактар соңғы жылдары әлемдегі тұрақсыздық пен қақтығыстар энергетика саласында түбегейлі өзгерістерге себеп болғанын, ал Таяу Шығыстағы соңғы дағдарыс энергия қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін тағы да көрсеткенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, бұл дағдарыс кезінде энергия ресурстарын Ормуз бұғазы арқылы алатын Азия елдері түрлі шаралар қабылдаған. Сондай-ақ Түркия мен Еуропа елдері энергия бағасының өсуіне байланысты бірқатар қадам басқан.
«Энергия қауіпсіздігі – әрбір мемлекет үшін аса маңызды мәселе. Әлем қарқынды түрде электрлендіру кезеңіне өтіп жатыр. Электр энергиясына сұраныс алдағы уақытта жасанды интеллект, деректер орталықтары, электр көліктері мен салқындату жүйелерінің дамуына байланысты арта береді», – деді ол.
Байрактар осы үдерісте атом энергетикасының Түркия үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Түркия атом энергетикасын дамытуға міндетті. Бұл – электр энергиясын көміртегі шығарындыларынсыз өндірудің негізгі жолдарының бірі», – деді министр.
Оның айтуынша, Түркия аталған үш міндетті қатар шешуге және электр энергиясына артқан сұранысты қамтамасыз етуге ұмтылып отыр. Осы мақсатта ел жаңартылатын энергия көздерінің қуатын қарқынды түрде арттырып, энергия тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беретін салаларға назар аударуда.



















