Израиль армиясының ширек ғасырға жуық уақыт бұрын палестиналық бала Мұхаммед әд-Дурраны өлтіруін еске салатын оқиғада палестиналық әке Баха Әбу әл-Аджин өткен жексенбі күні Газада құшағында отырған және әлі үш жасқа толмаған ұлы Райанның Израиль әскері тарапынан өлтірілгенін мәлімдеді.
Дейр әл-Балах қаласында “Анадолы” агенттігіне сұхбат берген Әбу әл-Аджин қашып бара жатқан кезде баласын көтеріп келе жатқанын, сол сәтте Израиль сарбаздарының оған оқ атқанын айтты. Оның сөзінше, кейін сарбаздар баланың жансыз денесін қасында қалдырып, өзін жаралы күйде бірнеше сағат бойы көмексіз тастаған.
Қайғыдан қан жұтқан әке оқиғаның қалай болғанын анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту үшін халықаралық тергеу жүргізуге шақырды.
Әбу әл-Аджин Израиль күштерінің оқ атуы мен соққыға жығуы салдарынан аяғынан және денесінің басқа бөліктерінен жарақат алғанын, қазіргі уақытта Әл-Ақса шейіттері ауруханасында ем қабылдап жатқанын айтты.
Аурухана төсегінде жатып оқиғаны баяндаған әке бұл жағдайдың Дейр әл-Балахтың шығысындағы аудандардың бірінде болғанын жеткізді. Оның айтуынша, Райанның үшінші туған күніне небәрі 12 күн қалған еді.
















