Украина Сыртқы істер министрі Андрий Сибиха Мемлекет басшысы Владимир Зеленскийдің АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен немесе президент Режеп Тайып Ердоғанның дәнекерлігімен Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі мүмкін екенін хабарлады.
Украинаның «РБК-Украина» ақпарат агенттігіне сұхбат берген Сибиха 2022 жылдың ақпанынан бері жалғасып жатқан Ресей-Украина соғысын аяқтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді.
АҚШ, Ресей және Украина қатысатын үшжақты кездесулерді қайта өткізу қажеттігін және бұған дайын екендерін білдірген Сибиха: «Бұның мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асқанын қалаймыз. Бейбітшілікті жақындата түсу үшін ең кішкентай мүмкіндікті де пайдаланамыз», — деді.
Соғысты аяқтау үшін Зеленский мен Ресей президенті Путиннің бас қосуы керектігін айтқан Сибиха бұның АҚШ президенті Трамптың қатысуымен немесе президент Ердоғанның дәнекерлігімен жүзеге аса алатынын атап өтті.




























