Темекі шегуді ұнатпайтын жалғыз түрік ауылы
ТҮРКИЯ
5 ... минут оқылды
Темекі шегуді ұнатпайтын жалғыз түрік ауылыТүркияның батысындағы Тазлар ауылында бірнеше ұрпақ темекі шекпей өскен.
Темекі шегуді ұнатпайтын жалғыз түрік ауылы / AA

Стамбулдың адам лық толы көшелерінде болсын, Анталиядағы жағажай маңында жүрсеңіз де, алдыңыздан міндетті түрде «Tekel» дүкені шығады.

Жол жиегінде қатар тізілген, көбіне көк түске боялған бұл шағын дүкендер Мемлекеттік темекі монополиясынан (Tekel) бүгінгі күнге дейін жеткен мұраның бір бөлігі болып табылады. Түркияда темекі дегенде ойға бірінші келетін мекендердің бірі — әлі де осы дүкендер.

«Tekel» жас түрік мемлекетінің Осман империясының соңғы жылдарында нарықты басып алған шетелдік компаниялардан табысы мол темекі кәсібін өз бақылауына алуымен 1920 жылдардың ортасында құрылған болатын.

Түркия ол кезде де темекі өндіруші ел еді. «Camel» брендін шығаратын америкалық алып «RJR» компаниясы өз темекілерінде түрік темекісінің қоспасын пайдаланатын. Бұл түрік темекі өнеркәсібі үшін бетбұрысты сәт болды.

Алайда дәл сондай кезеңде Түркияның батысындағы Афионкарахисар уәлаятының Синанпаша ауданына қарасты шағын Тазлар ауылында мүлдем бөлек төңкеріс болып жатқан еді.

Ауылдың ақсақалы Ахмет ағаның бастамасымен ауыл тұрғындары темекі шекпеуге ант беріп, келешек ұрпаққа өнеге болды.

Бұл шешім заманауи қоғамдық денсаулық сақтау заңдары пайда болғанға дейін де, яғни бұдан шамамен бір ғасыр бұрын Тазлар ауылын мәңгілікке темекі шегілмейтін мекенге айналдырды.

Арада шамамен 100 жыл өтті және 2 000-ға жуық халық тұратын бұл ауыл әлі де темекі шегетін бірде-бір адамды кездестіру мүмкін емес жер ретінде белгілі.

Түрік үкіметінің темекі тұтынуды шектеу үшін қарқынды күш салып жатқан бүгінгі күндерінде Тазлардың хикаясы одан да зор маңызға ие болып отыр. Анкара 2015 жылдың қаңтарынан кейін туғандар үшін өмір бойына темекі шегуге тыйым салатын заңды іске асыруды қарастыруда.

Президент Режеп Тайып Ердоған темекіге қарсы ұстанымымен танымал. Деректерге сәйкес, ол Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге темекіні тастауды ұсынған, ал Мелони осы жылдың басында темекіні тастаған болатын.

Түрлі зерттеулер Түркияның темекі тұтыну бойынша әлемде алдыңғы қатарда екенін көрсетеді. Десе де, Тазларда темекі тұтыну мүлдем мәселе саналып отырған жоқ.

Бәрі қалай басталды?

Тарих Ахмет ағаны негізінен уақыт шаңына көмген; Тазлар тұрғындарының есінде қалғаны — тек ата-аналарынан естіген әңгімелері.

Алайда айтылған деректерге қарағанда, Аға өз халқының әрі физикалық денсаулығын, әрі шектеулі қаржылық мүмкіндіктерін қорғау ниетімен әрекет еткен. Аға ауыл тұрғындары темекіге қарсы ұжымдық түрде ант берген 1928 жылы темекі шегетіндердің саны өте аз болған сәтті пайдаланып, оларды бұл әдеттен бас тартуға көндіре алды.

Ауылдың әрі уағызшысы, әрі есепшісі болып табылатын 66 жастағы Мехмет Айдоғмуш: «Біз айналамызда темекі шегетін адамдарсыз өстік. Темекі шекпеу кейіннен өмірдің белгілі бір кезеңінде қабылдаған шешіміміз болған жоқ. Ол тікелей біздің өміріміз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды», — дейді.

Бұл ерекшелікті түсіну Тазлардың тәжірибесін ұғыну тұрғысынан өте маңызды.

Ауыл тек жекелеген шешімдерге ғана арқа сүйемей, темекі шегу ешқашан қалыпты құбылысқа айналмаған ұжымдық мәдениетті қалыптастырғанға ұқсайды.

Айдоғмуш бұл қағиданың балаларға жоғарыдан таңылған ереже ретінде ұсынылмағанын айтады. Керісінше балалар бұл әдетті өз ата-аналарын, ата-әжелері мен көршілерін бақылай отырып бойларына сіңірген.

Мехмет Айдоғмуш: «Балалық шағымда ауылда темекі шегіп жүрген адамды көру біз үшін үйреншікті жағдай емес еді», — деп еске алады.

Тазлар — сары қызанақ пен қант қызылшасы алқаптарымен қоршалған, қызыл кірпіштен салынған үйлері бар ауыл. Мұндағы ауыл тұрғындарының белгілі бір күнделікті кестесі бар; таңертең ерте тұрып, күн батқаннан кейін ұйқыға жатады. Бұл жерде бәрі бір-бірін таниды.

Ауыл тұрғындарының темекіге қарсы ұстанымы ішінара денсаулыққа деген алаңдаушылыққа негізделгенімен, Айдоғмуш бұл дәстүрді тек денсаулықпен ғана түсіндіруге болмайтынын айтады.

«Үлкендеріміз бізге үнемі темекінің адам денсаулығына келтіретін зияны туралы айтып отыратын. Бірақ бұл тек денсаулыққа зиян дегенмен шектелмейтін», — дейді ол.

Ауыл тұрғындары сонымен бірге зиянды әдеттердің отбасыға, қауымдастыққа және жеке жігерге тигізетін әсері туралы да сөз қозғайтын.

«Біз бұны уақыт өте келе ұғындық, — дейді Айдоғмуш. — Бала кезде оның не білдіретінін толық түсінбесек те, үлкендеріміздің ұстанымынан бұның біз үшін маңызды мәселе екенін ұғатынбыз».

Мехмет Айдоғмуш ауылдың бұл тәсілі отбасылық жауапкершілікті, діни құндылықтарды және әлеуметтік ынтымақтастықты біріктіретінін атап өтеді.

Отбасылар өз балаларына қамқор болды. Ақсақалдар жас ұрпаққа ескерту жасайтын. Көршілер бір-бірін танитын. Ал мінез-құлық тек жеке бастың шаруасы ретінде емес, сонымен бірге тұтас отбасы мен қоғамға әсер ететін фактор ретінде қарастырылатын.

Егер бала отбасы зиянды деп бағалаған әдетті бойына үйрете бастаса, туыстары мен көршілері бұған бейжай қарамайтын.

Айдоғмуш: «Егер жасөспірім бір жерде қателік жіберсе, адамдар «маған қатысы жоқ» деп айтпайды. Ауылда бәрі бір-бірін таниды. Әркім біреудің кімнің баласы немесе кімнің немересі екенін біліп отырады», — дейді.

Ал егер сізден кейін бұл мұраны өз қолына алатын жастар болмаса, мәдениетті қалай сақтап қалуға болады?

Түтін сияқты сейіліп кету

Тазларда өскен 29 жастағы Мурат Карасөгүт елдің басқа аймақтарына барғанда үнемі мәдени шок алады.

Карасөгүт: «Сыртта темекі шегіп тұрған адамды көргенде, кейде «Біздің ауылда мұндай нәрсе жоқ», — деп ойлаймыз», — дейді және ауылда темекі шекпеу қалыпты мінез-құлыққа айналғанын айтады.

Жастарға темекіден бас тарту туралы үнемі насихат айтудың қажеті де жоқ, өйткені темекі ауылдың күнделікті мәдениетінің бөлшегі болып табылмайды.

Карасөгүт: «Темекі шекпеу — біздің ауылда орныққан әдет, сондықтан жастар мұны жеңіл қабылдайды», — дейді.

Жастар басқа жерлерде темекімен жиірек кездессе де, бұл айырмашылықтың өз маңызын сақтайтынына сенеді.

Алайда барған сайын жастардың басым бөлігі ауылдан қалаларға көшуде. Бұл жағдай темекіге қарсы көрсетілген табанды ұстанымның уақыт өте келе әлсіреуі мүмкін деген алаңдаушылықты арттырады.

Ауыл жастарының үштен екісінен астамы сапалы білім мен жұмыс мүмкіндіктерінің тартымдылығымен қазір Стамбул мен Бурса сияқты қалаларда тұрып жатыр.

Айдоғмуш пен Карасөгүт үшін Тазлар дәстүрінің болашағы соңында жас ұрпақтың бұл дәстүрді жалғастыруды таңдауына байланысты.

Карасөгүт жастардың бұл мәселеде ерекше жауапкершілігі бар екеніне сенеді.

Айдоғмуш: «Өткенге байланып қалғымыз келмейді. Бұған қоса, өткенімізді жоғалтып алғымыз да келмейді», — дейді.

Іздеу
Cтамбул әуежайы Еуропадағы ең көп рейс орындалатын әуежай болды
Ғарыш саласындағы ынтымақтастық үшін Түркияның бастамасымен  Анталия декларациясына 21 ел қол қойды
Президент Ердоған: «Экспортта тарихи рекорд орнаттық»
Ердоған: "Түркия қорғаныс өнеркәсібінде толық төңкеріс жасап жатыр"
Түркия мен Франция арасындағы қорғаныс ынтымақтастығында маңызды қадам
TİKA Эфиопияда киберқылмыспен күрес бойынша оқу бағдарламасын өткізді
Түркия Ұлттық қорғаныс министрі Гүлер Әзербайжан және Грузиядағы әріптестерімен кездесті
Түркия хоуситтердің шабуылын қатаң айыптады
Президент Ердоған Ұлы Ұлттық Мәжілісінің отырысына қатысты
Рейханлыдағы шабуылға қатысы бар Өмер әл-Хатип ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты мәлімдеме жарияланды
«TEKNOFEST» фестивалі басталды
Шанлыурфада «TEKNOFEST» фестивалі өтіп жатыр
«Türk Telekom» бас директоры Шахин: «Отандық ұялы телефон Малатияда өндіріледі»
Түркия мен Сауд Арабиясы дипломатиялық және арнайы паспорт иелерін визадан босатады
Хакан Фидан Хендрик Вюстпен кездесті
Президент Ердоған Үкімет отырысынан кейін халыққа үндеу жасады
Президент Ердоған Индонезия президенті Прабово Субиантомен телефон арқылы сөйлесті
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Біріккен Араб Әмірліктері президентімен кездесті
Түркия Сыртқы істер министрі БАӘ-ге сапарлай барады