Солтүстік Кипр Түрік Республикасы (СКТР) ремьер-министрі Үнал Үстел «Анадолы» агенттігінің тілшісіне Гирне жағалауында аударылған жолаушылар кемесіндегі соңғы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
Кемедегі 267 адамның 237-сі құтқарылғанын, 7 адамның қаза тапқанын айтқан Үстел 23 адамды іздестіру-құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын атап өтті.
Үстел іздестіру-құтқару жұмыстары үшін мемлекеттің барлық мүмкіндіктері жұмылдырылғанын мәлімдеп, СКТР бұл процесті басқару үшін дағдарыс штабын құрғанын түсіндірді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарының көптеген топтың қатысуымен жүргізіліп жатқанына назар аударған Үстел теңізден құтқарылған жаралылардың ауруханаларда емделіп жатқанын, СКТР Денсаулық сақтау министрлігі де жаралылардың жағдайына қатысты процесті жіті бақылауда ұстап отырғанын айтты.
Үстел кеме апатынан кейін құрылған Дағдарыс штабы арқылы процесті әр минут сайын қадағалап отырғандарын баса айтып, «Мемлекетіміздің барлық мекемелері оқиға орнында. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жоғары жауапкершілікпен жалғастырып, оқиғаның дамуын мұқият бақылап отырмыз», — деді.
Апаттан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтқан Үстел жараланғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Үстел нақтыланған ақпаратты жұртшылықпен бөлісуді жалғастыратындарын жеткізді.


























