Палестинаның Қабырғаға және қоныстануға қарсы күрес комиссиясының мәліметінше, үш жыл ішінде Израиль күштерінің 48 мың 174, ал израильдік заңсыз қоныстанушылардың 14 мың 742 шабуылы тіркелген.
Шабуылдардың басым бөлігі Әл-Халил (10 мың 840), Рамалла–Әл-Бира (10 мың 594), Наблус (10 мың 261) және Иерусалимге (7 мың 315 рет) бағытталған.
2023 жылдың 7 қазанынан бері израильдік заңсыз қоныстанушылардың шабуылдарынан 66 палестиналық қаза тапқан.
Осы кезеңде израильдік заңсыз қоныстанушылар палестиналықтардың жері мен мүлкін 1 182 рет өртеген. Сондай-ақ 147 мың 111 ағашты тамырымен жұлып, зақымдаған. Олардың шамамен 100 мыңы зәйтүн ағашы. Бұған қоса ауылдар мен бәдәуи қауымдарына 376 рет шабуыл жасап, мал шаруашылығы үшін 211 жаңа заңсыз қоныс құрған.
Израиль күштері 1 894 тұрғын үйді қоса алғанда барлығы 5 мың 59 ғимарат пен нысанды қиратқан. Бұл көрсеткіш бойынша Иерусалим 1 244 нысанмен бірінші орында тұр. Сонымен қатар 2 мың 133 ғимаратты бұзу немесе құрылысын тоқтату туралы шешім шығарылған.
Осы кезеңде Израиль билігі әскери мақсатта жерді иемдену туралы бұйрықтар шығарып, кейбір аумақтарды «мемлекеттік жер» деп жариялау арқылы Палестинаға тиесілі 6 мың 420 гектар жерді тәркілеген. Бұл соңғы 30 жылдағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.
Батыс Шерия мен Иерусалимде ондаған мың тұрғын үйді қамтитын 415 қоныстану жоспары әзірленген. Израиль билігі Шығыс Иерусалимдегі «E1» жобасын қоса алғанда 15 мың 760 жаңа тұрғын үй салу үшін 97 тендер жариялаған.
Мәлімдемеде Израильдің бұл әрекеттері аннексияны заң жүзінде бекітуге бағытталғаны айтылды. Осыған байланысты халықаралық қауымдастыққа заңсыз қоныстарды кеңейтуді қаржыландыруды тоқтату және жауаптыларды жауапқа тарту үшін қажетті шаралар қабылдау жөнінде үндеу жасалды.




















