Иранның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ Иранға қарсы жаңа шабуылдар бастағаннан кейін елдің әртүрлі аймақтарында жарылыстар болған.
Иранның мемлекеттік «IRIB» телеарнасы елдің оңтүстігіндегі Хормозган уәлаятының орталығы Бандар-Аббас қаласында жарылыс болғанын хабарлады.
Жартылай ресми «Fars» ақпарат агенттігі Кешм аралы мен оған жақын су айдынында жарылыстардың дыбысы естілгенін, сондай-ақ Хормозган уәлаятындағы Сирик қаласында тағы бір жарылыс болғанын мәлімдеді.
Иранның ресми «IRNA» ақпарат агенттігі де оңтүстіктегі Фарс уәлаятының Шираз қаласында жарылыс болғанын хабарлады.
Бұған дейін елдің оңтүстік-шығысындағы Систан және Белуджистан уәлаятындағы Чабахар мен Конарак қалаларында 14 жарылыс дыбысы естілген еді.
Жартылай ресми «Mehr» ақпарат агенттігі Иранның оңтүстігіндегі Бушер атом электр станциясының маңында әуе қорғаныс жүйелері іске қосылғанын хабарлады.
«Mehr» ақпарат агенттігі Исфахан қаласында да екі жарылыс болғанын мәлімдеді.
Алайда кейінірек Иранның бұқаралық ақпарат құралдары Исфахан уәлаятының қауіпсіздік және құқық қорғау мәселелеріне жауапты губернатор орынбасарының аймақта ешқандай шабуыл да, жарылыс та болмағанын мәлімдегенін жеткізді.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар немесе материалдық шығын туралы әзірге ақпарат жарияланған жоқ.
АҚШ Орталық қолбасшылығы бас қолбасшының тапсырмасымен Иранға қарсы жаңа әуе шабуылдары басталғанын мәлімдеді. Қолбасшылықтың айтуынша, бұл операциялар Иранның Ормуз бұғазында сауда кемелеріне шабуыл жасау үшін пайдаланатын әскери мүмкіндіктерін одан әрі әлсіретуді көздейді.





















