Киевтің мәлімдемесіне қарағанда, жексенбі күні Украинаның ұшқышсыз ұшатын аппараттары Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай базасы мен майдан шебінен жүздеген шақырым қашықтықтағы сорғы станциясына соққы берген. Ресейлік шенеуніктер де аталған аймақтардағы шабуылдарды растады.
Соғыс бесінші жылына қадам басқан тұста Киев Мәскеудің инфрақұрылымына бағытталған шабуылдарын үдетіп, соңғы апталарда Орал тауларына дейінгі нысаналарды соққының астына алды.
Украина армиясы ұшқышсыз ұшатын аппараттардың Ресейдің Киров облысындағы «ірі мұнай құбырының жөнелту станциясына» және басып алынған Украина аумағына жақын орналасқан Ростов облысындағы мұнай базасына соққы бергенін мәлімдеді.
Армия бұл құбырдың Сібірден Ресейдің батысына және Беларуське мұнай тасымалдайтынын атап өтті.

Киров облысының губернаторы Александр Соколов Украинаға тиесілі ұшқышсыз ұшатын аппараттардың бір «нысанға» соққы беріп, өрт тудырғанын білдірді, дегенмен адам шығыны жоқ екенін алға тартып, сабыр сақтауға шақырды.
«Шабуылдар тоқтатылуы тиіс»
Киев тарапынан жүйелі түрде бомбаланған оңтүстіктегі Ростов облысында орналасқан Матвеев-Курган кентінде жергілікті билік орындары ұшқышсыз ұшатын аппарат соққан мұнай базасында шыққан алып өртке байланысты төтенше жағдай жариялады.
Жергілікті әкімшіліктің басшысы Дина Алборова өрттің 3600 шаршы метр аумаққа жайылғанын білдіріп, қара түтін будақтаған бейнежазбаларды жариялады, Алборова тұрғын үйлер мен бірнеше дүкеннің де өрттен зардап шеккенін айтты.
Украиналық құзырлы органдар Днипро қаласындағы танымал «Nova Poshta» пошта компаниясына тиесілі қоймаға жасалған Ресей шабуылынан кейінгі үйінділерді тазалады.
Украинаның ішінде және сыртында кеңінен қолданылатын жеке курьерлік «Nova Poshta» компаниясы Днипро бөлімшесіне ұшқышсыз ұшатын аппараттың соққы бергенін және «ғимараттың толықтай жанып кеткенін» мәлімдеді.
Компания ешбір қызметкердің жарақаттанбағанын да қоса кетті.
Мемлекет басшысы Владимир Зеленский өрттің бейнелерін жариялап, «Осы шабуылдардың барлығы тоқтатылуы тиіс. Бар болғаны — қорғанысымызға жеткілікті қолдау көрсету және Ресейге қысым жасауды жалғастыру», — деді.
Зеленский осы аптаның басында Ресей шабуылдарына қарсы тұру үшін АҚШ-ты «Patriot» әуе қорғанысы жүйелеріне көбірек оқ-дәрі беруге шақырған болатын.














