АҚШ Украинаға Ресейдің зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасайтын шабуылдарына тойтарыс беру үшін қажетті “Patriot” әуе қорғанысы жүйесінің зымырандарын жеткізуге рұқсат беруді кешіктіріп отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні “The Washington Post” газеті мәселеден хабардар АҚШ пен басқа елдердің ресми өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет зымырандарды беру туралы ұсыныстардан ресми түрде бас тартпағанымен, оларды мақұлдау үшін қажетті рәсімдерді әлі аяқтамаған. Бұл кідіріс АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы шиеленіс қайта күшейіп, Вашингтон мен Киевтің қарым-қатынасы нашарлаған тұста болып отыр.
Газеттің АҚШ-тың бір ресми өкілі мен жағдайдан хабардар тағы үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, Украинаға берілуі жоспарланған “Patriot” зымырандарының кем дегенде бір бөлігі Киевке қолдау көрсететін елдерге тиесілі. Алайда бұл елдер зымырандарды Украинаға беру үшін Хегсеттің келісімін алуы тиіс.
Өткен аптада украиналық ресми өкілдердің бірі “The Washington Post” газетіне елдің қорында “Patriot” жүйесіне арналған небәрі «бірнеше» зымыран қалғанын айтқан. Бұл мәлімдеме Украинаның әуе қорғанысы жүйелеріне қажетті зымыран қорының тапшылығына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.



















