Ресей Украинаның Одесса портына әскери жүк тасымалдап бара жатқан кемеге және Одесса облысындағы логистикалық орталыққа соққы бергенін мәлімдеді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде ел армиясының түні бойы Украинаның порт инфрақұрылымы нысандары мен Украина күштері пайдаланатын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасауды жалғастырғаны айтылды.
Министрліктің мәліметінше, Одесса облысының Теплодар елді мекенінде орналасқан «Блум» логистикалық орталығы нысанаға алынған. Бұл орталық Украина күштерінің қажеттіліктеріне арналған әскери және екі мақсатта пайдаланылатын жүктерді сақтау үшін қолданылған. Сонымен қатар Одесса портына әскери жүк жеткізіп бара жатқан құрғақ жүк тасымалдайтын кемеге де қозғалыс кезінде соққы берілгені хабарланды.
Министрліктің тағы бір мәлімдемесінде кеше жергілікті уақыт сағат 20:00-ден таңғы сағат 08:00-ге дейін Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері елдің түрлі аймақтарында, әсіресе Мәскеу мен оның маңында Украинаның 644 ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғаны айтылды.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин әлеуметтік желідегі парақшасында кеше кешкі уақыттан бүгін таңға дейін Мәскеуге қарай бағыт алған 94 ұшқышсыз ұшу аппаратының атып түсірілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ аппараттардың қалдықтары құлаған аумақтарда төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы жалғасып жатқанын жеткізді.
Ресей Федералдық әуе тасымалы агенттігінің (Росавиация) мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарына байланысты түні бойы елдің бірқатар қаласындағы әуежайларда, соның ішінде Мәскеу әуежайлары мен Санкт-Петербургтегі Пулково әуежайындағы рейстерге уақытша шектеулер енгізілді.





















