Соңғы уақытта Қаратеңізде сауда кемелеріне шабуылдар жиілеген.
Осыған байланысты НАТО Қаратеңіз аймағына бақылау, барлау және криминалистикалық сараптама жүргізуге арналған қосымша құралдар мен мамандар жіберетінін хабарлады.
НАТО өкілі Эллисон Харт «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында ұйымға мүше елдердің тұрақты өкілдерінен тұратын Солтүстік Атлантикалық кеңес Қаратеңіздегі қауіпсіздік мәселесін талқылау үшін жиналғанын мәлімдеді.
Харттың айтуынша, НАТО ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін арттырып, шығыс бағыттағы әскери әлеуетін нығайтып жатыр. Сонымен қатар Қаратеңізге бақылау, барлау және криминалистикалық сараптама жұмыстарына қолдау көрсететін қосымша әскери бөлімшелер мен арнайы құралдар жіберіледі.
НАТО өкілі: «Біз бірлігімізді сақтап, кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын болу және бір миллиард азаматымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз», – деді.
Соңғы уақытта Қаратеңізде сауда кемелеріне бірнеше рет шабуыл жасалды.
13 қазанда Болгарияның Қаратеңіз жағалауында екі кеме ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырап, олардың бірі батып кеткен.
Ал соңғы шабуыл Румынияның Қаратеңіз жағалауында Сан-Марино мен Комор аралдарының туы бар екі сауда кемесіне жасалған.
Сан-Марино туымен жүзген кемедегі 12 экипаж мүшесінің бесеуі құтқарылып, жетеуі із-түзсіз жоғалған. Ал Комор аралдарының туы бар кеменің экипажы қауіпсіз жерге көшірілген.

























