Трамп Иранмен бітімді ұзарту және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру жөніндегі келісімге келесі аптада қол жеткізуге болатынын айтты.
«ABC News» арнасына берген сұхбатында ол: «Үдеріс оң бағытта ілгерілеп жатыр, жағдай өте жақсы. Бүгін біраз кедергі болды, бірақ оны өте жылдам еңсердік», – деді. Трамптың айтуынша, бұл мәселе ирандықтардың Израильдің Ливан аумағына жасаған шабуылдарына наразылығынан туындаған.
«Хезболла өкілдерімен сөйлесіп, оқ атпауды сұрадым. Сондай-ақ Биби яғни Беньямин Нетаньяхумен сөйлесіп, атысты тоқтатуды өтіндім. Нәтижесінде екі тарап та қақтығысты тоқтатты», – деді АҚШ президенті.
Трамп Иранмен жасалатын бейбіт келісімнің әскери жеңістен де маңызды екенін атап өтті.
Ал бітімді ұзарту туралы келісім мен бұғазды қайта ашуға қатысты меморандумның қашан рәсімделетіні жөнінде ол: «Келесі аптада болуы мүмкін. Өйткені әлі де бірнеше мәселені пысықтауым керек», – деді.
«Бейрутқа әскер жіберілмейді»
Дүйсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Хезболла өкілдерімен нәтижелі келіссөз жүргізгенін мәлімдегеннен кейін, Ливан тарапы Хезболланың Израильге шабуыл жасамауы шартымен Израильдің де Бейруттің оңтүстігіне бағытталған соққыларын тоқтатуға келіскенін хабарлады.
Бұған дейін Израиль Ливан астанасының оңтүстік аудандарына қайтадан соққы беруі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Израильдің Ливандағы әскери операциялары, соның ішінде жаппай әуе шабуылдары АҚШ пен Иран арасындағы бітімнің бұзылу қаупін күшейткен еді.
Беньямин Нетаньяхумен болған өте нәтижелі әңгімеден кейін Трамп «Truth Social» желісінде: «Бейрутқа әскер жіберілмейді. Жолға шыққан әскери күш кері қайтарылды. Хезболламен жоғары деңгейдегі өкілдер арқылы өте нәтижелі келіссөз жүргіздік. Олар қақтығыстарды тоқтатуға келісті. Израиль оларға шабуыл жасамайды және олар да Израильге шабуылдамайды», – деп жазды.



















