“Common Sense Media” ұйымының мәліметінше, жасөспірімдердің өзіне зиян келтіру және ас ішу тәртібінің бұзылуы қаупі туралы ескертуге арналған кейбір қауіпсіздік функциялары тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Ал “OpenAI” ұйымның зерттеу әдістемесімен келіспейді.
“Common Sense Media” ұйымының сәрсенбі күні жариялаған есебіне сәйкес, “OpenAI” компаниясының жасөспірімдерге арналған “ChatGPT” нұсқасына енгізген кейбір қауіпсіздік шаралары күткендегідей нәтиже бермейді. Ұйым чатботтың балалар үшін «жол беруге болмайтын қауіп» төндіретінін мәлімдеді.
Осыған байланысты ұйым “OpenAI” компаниясын чатботтың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне сай жұмыс істейтініне көз жеткізілгенге дейін оны тек ересектердің пайдалануына рұқсат беруге шақырды.
Ал “OpenAI” зерттеу барысында жүргізілген сынақтар чатботтың қауіпсіздік жүйесінің нақты қалай жұмыс істейтінін көрсетпейтінін мәлімдеді.
Ата-аналар, педагогтер мен балалардың дамуы жөніндегі мамандар жасөспірімдердің жасанды интеллект чатботтарын пайдалануына алаңдаушылық білдіріп келеді. Мұндай жүйелер оқушылардың мектеп тапсырмаларын орындау кезінде алдауына мүмкіндік береді, тіпті кейбір жағдайларда суицидке итермелеуі мүмкін деген айыптаулар айтылып жүр.
Мамандардың айтуынша, ересектердің өзі жасанды интеллектіні адам ретінде қабылдап, онымен зиянды эмоционалдық байланыс орнатуы мүмкін. Ал миы әлі толық жетілмеген жасөспірімдер мұндай ықпалға әсіресе осал келеді.
Цифрлық медианы саналы пайдалануды насихаттайтын “Common Sense Media” ұйымы өз есебінде: «Жасөспірімдерге арналған “ChatGPT” ата-аналарға іс жүзінде жиі жұмыс істемейтін қауіпсіздік шараларына негізсіз сенім ұялатуы мүмкін. Бізді алаңдататыны да осы», – деп атап өтті.
Ұйымның мәліметінше, дұрыс жұмыс істемеген функциялардың қатарында жасөспірімнің суицид жасау, өзіне зиян келтіру немесе тамақтану бұзылыстарына шалдығу қаупі туралы ата-аналарға хабарлайтын ескертулер, сондай-ақ дағдарыс жағдайындағы жасөспірімдерге қолдау көрсету тетіктері бар.
Ұйым өкілдері: «Жасөспірімдер ChatGPT-ті адам ретінде қабылдаған жағдайда да, чатбот олармен досы сияқты сөйлесуді жалғастырады», – деп мәлімдеді.
Алайда “OpenAI” бұған дейін чатботтың пайдаланушыға жеке сезімі бардай әсер қалдыруына немесе өзін саналы, эмоцияны сезіне алатын жүйе ретінде көрсетуіне жол бермейтін шектеулер енгізілгенін хабарлаған болатын.
“OpenAI” жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше мән беретінін, қорғаныс шараларын жетілдіріп жатқанын және ата-аналарға балаларының жасанды интеллектіні пайдалануын бақылауға көмектесетін құралдар ұсынып отырғанын мәлімдеді.
Сан-Францискода орналасқан компанияның айтуынша, зерттеу әдістемесін талдау сынақтардың басым бөлігі ата-ана бақылауы функциялары толық іске қосылмай тұрып жүргізілген болуы мүмкін екенін көрсеткен. Сондықтан “OpenAI” зерттеу қорытындыларын қате деп санайды.
Айта кетейік, “Common Sense Media” ұйымы “OpenAI” компаниясынан және қызметтеріне баға беретін басқа да технологиялық компаниялардан қаржылық қолдау алады.



















