Француз Анри Каган мен жапон Кэнсо Соаи сәрсенбі күні химия саласындағы Нобель сыйлығын жеңіп алды. Қазылар алқасы екі ғалымды асимметриялық органикалық синтездегі сызықтық емес әсерлерді және автокатализді ашқаны үшін марапаттады.
Каган мен Соаидың еңбектері бір ғасырдан астам уақытқа созылған жұмбақтың шешімін тапты. Аминоқышқылдар сияқты молекулалар, тура сол жақ пен оң жақ қол сияқты бір-бірінің айналық бейнесі болып табылатын екі пішінде кездеседі. Ал дене клеткаларындағы белоктарда тек бір ғана пішін орын алады. Бұл құбылыс гомохиральдiлiк ретінде белгілі.
Химия бойынша Нобель комитетінің төрағасы Хайнер Линке осы жұп әзірлеген реакцияларды «ерекше» деп сипаттады.
95 жастағы Каган — Париж-Сакле университетінің құрметті профессоры. Ал 76 жастағы Соаи Токио Ғылым университетінде профессор қызметін атқарады.
Нобель қоры сыйлыққа қатысты өткізілген баспасөз мәслихаты кезінде Соаимен хабарласты. Ғалым бұл күнді өміріндегі ең толқынысты күндердің бірі деп атады.
Академия хабарландыруға дейін Каганмен байланыса алмады. Франция президенті Эммануэль Макрон оны “X” платформасы арқылы құттықтады.
Елеусіз қалған еді
Каган бұған дейін де Нобель сыйлығын алуға жақындаған, бірақ жеңіске жете алмаған болатын. 2001 жылы бұл сыйлық асимметриялық катализ саласындағы еңбектері үшін Уильям Ноулзға, Рёдзи Ноёриге және Барри Шарплеске берілген еді.
Каган халықаралық ортада бұл әдістің «негізін қалаушысы» ретінде танылғандықтан, көптеген француз химигі бұл жағдайға үлкен наразылық білдірген болатын.
Әдебиет саласындағы сыйлықтың иегері бейсенбі күні, ал Бейбітшілік сыйлығының иегері жұма күні жарияланады.




























