Қытайдан әлемге таралған шай өсімдігінің өміріміздегі ролі үлкен. Шай жапырақтарын ыстық суға тұндыру арқылы дайындалатын бұл керемет сусын құрамындағы теин затының арқасында шаршауымызды басады, санамызды сергітеді, қылтамырларымызға оттегі жеткізіп, ауырсынуды жеңілдетеді. Міне, сондықтан біз оны таңғы астан бастап күні бойы ішіп жүреміз.
Қара шай, көк шай, ақ шай... Біреулер қантпен ішеді, біреулер сүт қосса, ал енді біреулер лимон қосады. Қыста қою әрі ыстық, жазда мұздай салқын шай...
Ал шай Түркияға қалай келді?
Нағыз хикая осы жерден басталады!
Шай XVII ғасырдан бастап Османлы империясында да тұтынылған. Ойланып көріңізші, Еуропаны кофемен таныстырып, оны сүйікті сусынға айналдырған түріктер XX ғасырға таяғанда өз жерінде шай өндіруді шешті.
1917 жылы Халкалы ауыл шаруашылығы мектебінің директоры Али Рыза Ертеннің жетекшілігімен жүргізілген зерттеулерден кейін ең қолайлы аймақтың Қаратеңіз өңірі екені анықталды.
1923 жылы Түркия Республикасы құрылғаннан кейін де шай мәселесі назардан тыс қалмады. 1924 жылы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі қабылдаған №407 заңмен «Ризе уәлаятында және Борчка ауданында орман жаңғағы, апельсин, мандарин, лимон және шай өсіру» туралы шешім қабылданды. Осылайша негізгі қайнар көз болып саналатын Шығыс және Оңтүстік Азияға балама өндіріс бастау алды.
Ал шайды түріктердің жақсы көргені соншалықты, ол тіпті ұлттық сусынға айналды деуге болады!
Таңғаларлық статистика бар! Ризе Шай зерттеу және қолдану орталығының деректеріне сәйкес, халықтың 96 пайызы күн сайын шай ішеді. Түркияда бір күнде 245 миллион стақаннан астам шай ішіледі! Иә, қате естіген жоқсыз, 245 миллион стақан! Жан басына шаққанда жылдық құрғақ шай тұтыну мөлшері — 3,5–4 килограмм.
Түркия әлемде ең көп шай тұтынатын ел бола отырып, дүниежүзінде шай өндірілетін ең ірі үшінші мекен.
Түркияда өндірілетін шайдың жартысынан көбі Ризеде өсіріледі. Жауын-шашын көп болатын Қаратеңіз аймағында Трабзон, Артвин, Орду және Гиресун сияқты қалаларда да шай өндіріледі. Бұл сала — өңірдің ең маңызды табыс және жұмыспен қамту көздерінің бірі.
Шайдың бұл өңірдегі маңызы тіпті сәулетке де әсер еткен. Ризе-Артвин әуежайының мұнарасы жіңішке белді шай стақаны пішінінде салынған! Қаратеңіз өңірінде жекеменшікке тиесілі 229, ал мемлекетке тиесілі 45 шай өңдеу зауыты бар. Бұл өңірде өсірілетін шай әлемде де «Түрік шайы» деген атпен белгілі.
Соңғы жылдары өнім түрлерін көбейту бағытында да маңызды қадам басылды. “ÇAYKUR” органикалық, көк, ақ, ұнтақ секілді 25 түрлі шай мен шай өнімін өндіреді. Ризе Режеп Тайып Ердоған университеті жанынан «Шай ген банкі» құрылды. Тіпті Шри-Ланкада шайдың бір түріне «Ердоған шайы» деген атау берілді.
Және тағы бір мақтанышқа толы жаңалық: түрік шайы ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
Енді ең қызық тақырыпқа келейік... Түрік шай стақандарының неге жіңішке белді екенін ойланып көрдіңіз бе?
Түркияда шай — жай ғана сусын емес, әңгіме-дүкеннің бастауы. Қонаққа «Бір шай ішесіз бе?» деу, шын мәнінде «Келіңіз, отырып біраз сөйлесейік» деген сөз. Ал түрік шайы әрдайым жіңішке белді стақанда ұсынылады.
Жіңішке белді стақанның астыңғы бөлігі тар, ал үстіңгі бөлігі кең болады. Соның арқасында төменгі бөлігіндегі шай ыстық күйінде қалады, ал жоғарғы бөлігі сәл салқындайды, осылайша шайды ішу жеңілдейді. Яғни сол кішкентай «бел» шайдың дәл керекті температурада болуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар стақан шыныдан жасалғандықтан шайдың түсі анық көрінеді, ашық немесе қою екені бірден аңғарылады. Түріктер шайдың ең дұрыс реңкін “Tavşan kanı” яғни «қоян қанындай» деп сипаттайды.
Тағы бір маңызды жайт: жіңішке тұсы арқасында стақанды қолда ұстау ыңғайлы, ыстық бөлігіне тимей ұстауға болады. Осылайша бұл стақан әдемі көрініп қана қоймай, саусақты күйдірмейді!
Бүгінде шайхана, үй, кеңсе, ауылдарда барлық жерде сол бір стақан бар. Жіңішке белді шай стақаны — түрік мәдениетінің ең танымал белгілерінің бірі.
Міне, 100 жылдық бір хикаяны тыңдадыңыз. Қытайдан басталып, Қаратеңіздің жап-жасыл төбелерінде тамыр жайған, дастарқанымыздың төрінен орын алған хикаяны.
Осы подкастты тыңдағанда шай іштіңіз бе? Бір стақан шай ішіп, бұл ғажайып сусынның дәмінен ләззат алайық. Өйткені ол стақандағы әрбір ұрттам — жүз жылдық еңбектің, бір мәдениеттің және үлкен сүйіспеншіліктің жемісі.


















