Еуропалық комиссияның салық салу жөніндегі бөлімшесі таратқан мәліметке сәйкес, ЕО елдеріне электрондық сауда арқылы жеткізілетін тауарларға арналған жаңа төлем 2026 жылдың 1 қарашасындан бастап қолданысқа енгізіледі.
Кеден жүйесін реформалау аясында енгізілетін бұл төлем электрондық сауда арқылы жеткізілетін тауар көлемінің артуына байланысты оларды тексеру мен бақылауға жұмсалатын шығындарды өтеуге бағытталған.
Осыған сәйкес, ЕО аумағынан тыс елдерден жеткізілетін тауарлар үшін 2 еуро көлемінде қосымша ақы алынады. Бұл төлем кедендік декларацияда көрсетілген әрбір тауар түріне жеке есептеледі. Егер бір жөнелтілімде бірнеше түрлі тауар болса, олардың әрқайсысы үшін бөлек төлем алынады.
Жаңа ереже құны 150 еуродан асатын электрондық сауда тауарларына да қолданылады.
Төлем ЕО-ның 1 шілдеден бастап құны төмен электрондық сауда тауарларына енгізген 3 еуролық уақытша кедендік бажынан бөлек алынады.
Осылайша екі төлем де қолданылатын жағдайда бір тауар үшін 3 еуро кедендік бажға қосымша 2 еуро өңдеу ақысы төленеді.
Еуропалық Одақ кеден жүйесін реформалау арқылы электрондық сауданың артуына байланысты бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуді және Одақ стандарттарына сәйкес келмейтін тауарлардың нарыққа енуіне тосқауыл қоюды көздейді.
2025 жылы ЕО елдеріндегі тұтынушыларға 5,9 миллиард тауар жеткізілген. Олардың 90 пайыздан астамы Қытайдан келген.
Еуропалық Одақ Қытайдың «Temu» және «AliExpress» интернет-сауда платформалары, сондай-ақ Қытайда құрылған «Shein» электрондық сауда компаниясы арқылы сатып алынатын тауарларға жаңа салық енгізу мәселесін ұзақ уақыттан бері қарастырып келеді.























