Франция Қорғаныс министрі Катрин Вотрен Париждегі Сенаттың жалпы отырысында Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты мәлімдеме жасады.
Ол Францияның 2022 жылы соғыс басталғалы бері Украинаны қолдап келе жатқанын айтып, осы уақытқа дейін Франция мен Польшада 25 мыңнан астам украиналық сарбазға дайындықтан өтуге көмектескендерін жеткізді.
Вотрен Украинаға қолдау көрсету мақсатында жойғыш ұшақтар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен артиллериялық жүйелер жібергендерін атап өтіп, бұл әскери техниканы жеткізу үшін техникалық қолдау қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, әскери техниканы пайдалануды үйрету және оны ұрыс жағдайында қолдануға дайын күйде ұстау қажет. Осы мақсатта кейбір француз әскери қызметкерлері ара-тұра Украинаның қақтығыс аймағынан тыс жерлерінде болады.
Вотрен Украинаға барған француз сарбаздарға қатысты: «Біздің қандай да бір қақтығысқа қатысу ниетіміз жоқ», – деді.
Францияның қоғамдық радиосы “Radio France Internationale” (RFI) француз әскери қызметкерлерінің бірнеше айдан бері Украинада жасырын қолдау миссиясын атқарып жүргенін мәлімдеген болатын.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров кеше Украинада француз сарбаздарының бар екенін айтып, «Бұл енді Украинаға қолдау көрсету емес, соғысқа тікелей қатысу», – деген еді.
Ал Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Ресей билігінің мәлімдемесіне қарамастан өз елінің Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысушы тарап емес екенін мәлімдеді.





















