Пәкістан Сыртқы істер министрі Исхақ Дар Исламабадтың Таяу Шығыстағы шабуылдарды тоқтату үшін АҚШ пен Иран арасында өтетін келіссөзді ұйымдастыруды «мәртебе санайтынын» мәлімдеді.
Исхақ Дар жексенбі күні елорда Исламабадта өткен сыртқы істер министрлерінің төртжақты кездесуінен кейін жасаған бейне мәлімдемесінде: «Пәкістан жалғасып жатқан қақтығысты жан-жақты және тұрақты шешу үшін алдағы күндері екі тарап арасындағы мазмұнды келіссөз ұйымдастыруды және оларға жағдай жасауды мәртебе санайды», — деді. Дар Вашингтон мен Тегеранның Пәкістанның араағайындық рөліне сенім білдіргенін жеткізді.
Министр Исламабадтағы төртжақты жиынға қатысқан Түркия, Мысыр және Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлеріне АҚШ-Иран келіссөздерінің егжей-тегжейі туралы ақпарат берген. Қонақ министрлер бұл бастамаға толық қолдау көрсеткен. «Біз аймақтағы соғысты ерте әрі түбегейлі тоқтатудың ықтимал жолдарын талқыладық. Бұл соғыс ешкімге тиімді емес, тек өлім мен қирауға әкелетінін, жалғыз тиімді шешім — диалог пен дипломатия екенін мақұлдадық», — деп қосты ол.
«Өте маңызды» қадамдар
Дар жоғары лауазымды дипломаттардың «жағдайды бақылауға алу, әскери шиеленіс қаупін азайту және тараптар арасындағы құрылымдық келіссөздерге жағдай жасау» бойынша ортақ ұстанымда екенін растады. Министрлер БҰҰ Жарғысының принциптерін, соның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырды.
Пәкістанның АҚШ-пен де «өте маңызды» қарым-қатынасы бар екенін атап өткен Дар Исламабадтың Вашингтонмен белсенді байланыста екенін айтты. Сондай-ақ Қытайдың АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді өткізу бастамасын «толықтай» қолдайтынын жеткізді.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф те өз кезегінде Иран мен АҚШ-ты келіссөз үстеліне отырғызуда елдің «мықты» ерік-жігер танытатынын қайталады. Шариф бұл мәлімдемесін Исламабадқа сапармен келген Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан және Мысыр Сыртқы істер министрі Бадр Абделаттимен кездесуі кезінде жасады.








