Компаниядағы дереккөз берген мәліметке қарағанда, люкс автокөлік өндіруші “BMW” компаниясы 2027 жылдың соңына дейін 8 000 адамды жұмыстан шығару мақсатына орай Германиядағы қызметкерлерінің жартысына жуығына өз еркімен жұмыстан кету таңдауын ұсынады.
Германиядағы шамамен 85 000 тұрақты қызметкердің 40 000-ға жуығына қазан айынан бастап осы ұсыныс жасалатыны және өндірістік желі (конвейер) жұмысшыларының бұл шешімнен тыс қалатыны атап өтілді.
Аталған дереккөз «Жұмыс күші ақыр соңында 2027 жылдың соңына дейін шамамен 8 000 адамға қысқарады. Біз соған сәйкес жоспар құрудамыз», — деген сөздерге орын берді.
Дереккөз бүкіл әлем бойынша шамамен 154 000 адамды жұмыспен қамтып отырған “BMW-ның” бұл ұсынысы Германиядағы кеңсе қызметкерлерін қамтитынын білдірді.
Электромобильдердегі таза пайда маржасының төмендеуі, АҚШ салықтары және ең бастысы Қытайдағы қарқынды бәсекелестік салдарынан неміс автоөндірушілері жалпы шығындарды азайтуға тырысуда.
«Қарқынды қысым»
Дереккөз жұмыс күшін қысқарту бағдарламасы “BMW-ның” шығындарын 2028 жылға қарай айтарлықтай төмендетеді деп күтілетінін және жұмыстан босатулардың басым бөлігі келесі жылы өтетінін атап өтті.
Өткен айда автокөлік бөлімшесіндегі таза пайда болжамын 1% сияқты төмен маржа деңгейіне түсірген “BMW” қайта құрылымдау шаралары 2026 жылдың екінші жартысында компанияға қосымша шығын әкелетінін мәлімдеді.
Биылғы шығындардың ықтимал жүздеген миллионды құрайтыны, нақты санды кесіп айту қиын екені және бұл көрсeткіштің бағдарламаға қатысу деңгейіне байланысты болатыны білдірілді.
«Ernst & Young» консалтингтік фирмасының мәліметінше, Германиядағы өнеркәсіптік компаниялар өткен жылы 124 000 адамды жұмыстан шығарды, бұл көрсеткіш 2024 жылғы саннан екі есе дерлік көп. Қысқартулар негізінен автомобиль секторында шоғырланды.


















