Стамбул әкімдігі мен «Нөлдік қалдық» қорының ұйымдастыруымен өткен «Нөлдік қалдық» апталығы аяқталғаннан кейін Стамбул әкімі Давут Гүл мен «Нөлдік қалдық» қорының төрағасы Самед Агырбаш іс-шараны қорытындылау үшін баспасөз мәслихатын өткізді.
Ататүрік әуежайындағы фестиваль алаңында сөз алған Давут Гүл «Нөлдік қалдық» апталығы аясындағы іс-шаралар үлкен қызығушылық тудырғанын айтты.

Ол президент Режеп Тайып Ердоғанның жұбайы Емине Ердоғанның қамқорлығымен жүзеге асырылып жатқан «Нөлдік қалдық» қозғалысы Түркияда ғана емес, әлемде де кең қолдау тауып, елдің жұмсақ күшін арттыратын жаһандық брендке айналғанын атап өтті.
Давут Гүл «Нөлдік қалдық» апталығы шеңберінде өткен Халықаралық «Нөлдік қалдық» форумына 183 елдің өкілдері қатысқанын айтып, бұл Стамбул мен Түркияның халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға елеулі үлес қосқанын жеткізді.
Ал «Нөлдік қалдық» қорының төрағасы Самед Агырбаш іс-шараға қызығушылық жоғары болғанын атап өтіп, фестивальға 1 миллионнан астам адам қатысқанын мәлімдеді.
Ол сондай-ақ Халықаралық «Нөлдік қалдық» форумының әлемдік деңгейдегі маңызды алаңға айналғанын айтып, «Форумға 183 елден 5 мыңнан астам адам қатысып, әлемдегі азаматтық қоғам, қоршаған орта және климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған ең ірі жиын болды», – деді.
Агырбаштың айтуынша, форум барысында жаһандық экологиялық мәселелер, климаттың өзгеруі және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты тақырыптар талқыланып, 183 елдің қолдауымен Стамбул декларациясы қабылданған.


















